ЖаңалықтарҚоғам

Ағалық мейірім: таэквондодан жеңіске жеткен бала медалін қарындасына сыйлады

Ақтауда таэквондодан өткен балалар арасындағы жарыста жеңіске жеткен бүлдіршіннің медалін қарындасына сыйлаған сәті әлеуметтік желіде көпшіліктің ықыласына бөленді. Асылжан Таңбай есімді жас спортшының бұл әрекеті желі қолданушыларының жылы пікірлерін тудырды, деп жазады aishyq.kz. 

Оқиға Ақтауда «Таңба» клубы ұйымдастырған жарыс кезінде болған. Жеңіс тұғырынан көрініп, марапатқа ие болған Асылжан өз медалін қарындасына тарту еткен көрінеді. Осы сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланып, көпшілікке тарады.

Баланың әкесі Асылбек Таңбайұлының айтуынша, ұлы биыл бес жасқа толған. Ол бүгінде Ақтаудағы жеке мектептің даярлық тобында білім алып жүр. Таэквондомен де осы оқу орнындағы үйірме арқылы айналыса бастаған екен.

«Ұлым бес жасқа толды, жеке мектептің даярлық тобына барады. Сол мектептегі таэквондо үйірмесіне қатыса бастаған еді. Оқу орнының басшылығы балалардың спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында оларды жарысқа қатыстырды. Сол жерде ұлым жеңіп алған медалін қарындасына сыйлады. Осы сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды. Биылдан бастап ұлым үлкен теннис үйірмесіне де қатыса бастады. Ал таэквондо – мектептегі үйірмесі», — деді әкесі Асылбек Таңбайұлы.

Оқу орнының мәліметінше, жас спортшы жеңісінің қуанышын қарындасымен бөлісуді жөн көрген. Бала үшін жарыстағы марапат үлкен жетістік болса, оны жақын адамына сыйлауы ағалық мейірімнің көрінісіне айналды.

«Нағыз жеңіс – тек медальда емес, жүректегі мейірімде», – деп жазылған оқу орнының жарияланымында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button