«Әр қазақ орыстың қожайын екенін білуі керек»: Екібастұз тұрғыны Путинге үндеу жасады

Әлеуметтік желілерде өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған Екібастұз тұрғынының бейнеүндеуі тарады. Видеода ол Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстанға әскер кіргізу туралы өтініш жасап, ұлтаралық сипаттағы даулы мәлімдемелер айтқан, деп хабарлайды aishyq.kz.
Әйелдің сөзінше, мұндай әрекет «әр қазақ өзінің қожайыны – орыс екенін білуі үшін» қажет. Сонымен қатар ол Қазақстандағы қазақтардың дауыс беру құқығы жоқ екенін мәлімдеп, Ресей «бұл қалаларды қайтарып алады» деген пікір білдірген.
Осы жағдайға байланысты заңгер Мейірман Шекеев құқық қорғау органдарын тексеру жүргізуге шақырды. Ол Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне аталған мәлімдемелердің заңдылығын анықтау жөнінде үндеу жасады.
Заңгердің пікірінше, оқиғаға құқықтық баға беріп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген ұлтаралық алауыздықты қоздыру және 180-бабында қарастырылған сепаратистік әрекеттер белгілерінің бар-жоғын тексеру қажет.
Сондай-ақ ол мәлімдемелердің мазмұны мен мәнін анықтау үшін филологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындауды ұсынды. Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша құзырлы органдардың ресми ұстанымы туралы ақпарат берілмеген.



