«Әділет» партиясының кандидаты Сәдуақас Битан теміржол саласының қызметкерлерімен кездесті

«Әділет» партиясынан Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттығына №13 сайлау округінен кандидат Сәдуақас Битан «ҚТЖ» және «Теміржолсу — Маңғыстау» мекемесінің ұжымдарымен кездесті.
Кездесу барысында кандидат қызметкерлерге партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, теміржол саласын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика әлеуетін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және өндіріс саласына заманауи технологияларды енгізу міндеттерінің маңызын атап өтті.

«Теміржол саласы – ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Оның тұрақты жұмыс істеуі көлік инфрақұрылымының сапасына, техникалық жабдықталуына және сала мамандарының кәсіби еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан теміржол нысандарын жаңғырту, су жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау маңызды», – деді Сәдуақас Битан.
Жиында теміржол инфрақұрылымының жай-күйі, өндірістік нысандарды жаңарту, коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, су ресурстарын үнемдеу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.


Сондай-ақ кандидат сайлауалды бағдарламасында көзделген тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Кездесу соңында Сәдуақас Битан мекеме қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Республикалық бюджет есебінен төленді
Дайындаған: Aishyq.kz ақпараттық сайты.
Мекенжайы: Ақтау қ., 32А шағынаудан, 8 үй;



