«Әділет» партиясының кандидаттары Құрық портының ұжымымен кездесті

Бүгін «Әділет» партиясынан Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық және Қарақия аудандық мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар «Құрық порты» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында кандидаттар партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ ұжым тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиында кандидат Анар Шамшадинова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, ел экономикасын әртараптандыру, көлік-логистика саласын дамыту, инвестиция тарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне назар аударды.
«Маңғыстау облысы еліміздің халықаралық көлік дәліздерін дамытуда стратегиялық рөл атқарады. Әсіресе, Ақтау және Құрық порттарының әлеуетін арттыру – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Теңіз инфрақұрылымын жаңғырту, жүк тасымалының көлемін ұлғайту және логистикалық қызметтерді дамыту инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті өркендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Дегенмен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тек ірі инфрақұрылымдық жобалармен шектелмеуі тиіс. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігін арттыру да өзекті мәселелер қатарында. Сондықтан экономикалық өсімнің нәтижесі ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрінуі маңызды», – деді Анар Шамшадинова.
Өз кезегінде кандидат Медет Абуғалиев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты баспанамен қамтамасыз ету және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді.
Ол Мемлекет басшысының Жолдауында ұсынылған ауқымды құрылыс бастамаларына тоқталып, олардың өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы үшін маңызын атап өтті.
Медет Абуғалиевтің айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешу тек жаңа баспаналар салумен шектелмеуі керек. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен, газбен және қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету де маңызды. Осы бағыттағы жобаларды жүйелі жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді мекендердің дамуына ықпал етеді.
Кездесу барысында порт қызметкерлері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Сонымен қатар алдағы сайлауалды жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Әділет» партиясы Маңғыстау облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.












