«Әділет» партиясының кандидаттары «Oil Services Company» ұжымымен кездесті

«Әділет» партиясынан Маңғыстау облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар «Oil Services Company» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында кандидаттар партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым міндеттерді түсіндірді.
Жиында кандидат Ирина Беляева еңбек өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.
«Бүгінде әлемдік экономика қарқынды өзгеріп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект барлық салаға еніп келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканы жаңғырту, өндірістік үдерістерді цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру міндеттеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы өзгерістер өндіріс орындары үшін де маңызды. Жаңа технологияларды енгізу кәсіпорындардың тиімділігін арттырып қана қоймай, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Алайда технологиялық жаңғырумен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, оларды жаңа еңбек талаптарына бейімдеу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі кез келген саланың дамуы ең алдымен білікті кадрларға байланысты», – деді Ирина Беляева.
Сонымен қатар кандидаттар білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Олардың айтуынша, өндіріс саласына қажетті мамандарды даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастардың кәсіби дамуына жағдай жасау өңір экономикасының тұрақты өсуіне ықпал етеді.
Жиын соңында «Oil Services Company» ЖШС қызметкерлері кандидаттарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді










