Қазақстан мен Моңғолия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астана қаласында Моңғолия мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі Алдаржавхлан Жуковпен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында ұлттық спорт түрлерін дамыту және оларды халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы өзара іс-қимылдың маңызы атап өтілді.
Ербол Мырзабосынов Моңғолияның ұлттық спорт түрлерімен танымал екенін айтып, күрес, ат жарысы және садақ ату Наадам фестивалінің ажырамас бөлігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ат спорты бойынша халықаралық жарыстарды Моңғолия аумағында өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қаралды. Астанада ашылатын Ұлттық спорт университетінің әлеуеті таныстырылып, шетелдік студенттерді қабылдау басталатыны айтылды. Университет спорт ғылымы, медицина және цифрлық технологияларды біріктіретін заманауи орталыққа айналмақ.
Туризм саласы да талқылаудың маңызды бағыты болды. 2023–2025 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға келетін туристер саны жыл сайын 40 мыңнан асқаны айтылды. Сонымен қатар, қазақстандықтардың Моңғолияға сапарларының саны да артып келеді.
Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 2026–2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспары қабылданғаны атап өтілді.
Министр Моңғолияның туристік әлеуетіне тоқталып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, туристік өнімдерді ілгерілету және кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бұл жұмыстарды Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті базасында дамыту ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар туризм мен спорт салаларындағы серіктестікті нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және тәжірибе алмасуды кеңейтуге дайын екенін растады.