БілімҚазақстан жаңалықтары

«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе: Оқу-ағарту министрі жауап берді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова кейінгі күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан «қыркүйек» және «қыргүйек» сөздерінің жазылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды aishyq.kz.

Үкімет үйіндегі брифингтен кейін журналистер Оқу-ағарту министріне «қыркүйек» және «қыргүйек» сөздерінің жазылуына қатысты сұрақ қойды.

Министр бұл ауысуға Оқу-ағарту министрлігінің еш қатысы жоқ екенін, бұл — тіл біліміндегі өзгерістер екенін атап өтті.

     «Бұл сұрақ өзімді де қызықтырды. Ғалымдарымыздың, Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуіме тура келді. Мен өзім «қыркүйек» деп жазамын. Бізді солай оқытқан», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр «қыркүйек» деп жазатынын айтқанымен, екі нұсқасы да қате деп санауға болмайтынын жеткізді.

     «Бұл — бізді кезінде оқытқан кездегі тәртіппен, сол грамматикамен жазылған дүние. 2000-жылдары «қыркүйек» секілді қолданатындар деңгейі 93 пайызға жетті деген зерттеулер бар. Менің ойымша, «қыркүйекті» де, «қыргүйек» деп жазуды да қате деп санауға болмайды. Біздің қолданып жүрген «қыркүйегіміз» – біздің кезімізде қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарымыздың үйреткені. Олар да өздерінің емле заңдылықтарын, сол жердегі грамматикалық, морфологиялық заңдылықтарды бізге түсіндірген болатын, — деді министр.

Ведомство басшысы айтылым мен жазылымдағы өзіндік ерекшелігі бар нормативтер сақталуы керектігін атап өтті.

 «Егер ғалымдарымыз, тіл білімі институты «қыркүйек» емес, «қыргүйек» дұрыс дейтін болса, біз ғалымдардың үнін естуіміз қажет. Ғалымдар нүктесін қоюы керек деп санаймын», – деді министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button