Маңғыстаулық балуан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанды

Маңғыстаулық Қара Бура лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Қазақ күресі бойынша өткен халықаралық додада маңғыстаулық балуан финалға дейін Ресей, Польша және Беларусь спортшыларын жеңіп, шешуші белдесуде қырғызстандық палуанмен күш сынасты. Тартысты өткен финалда Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдені еншіледі.
Спортшы жарысқа халықаралық оқу-жаттығу жиындары мен ірі турнирлер арқылы дайындалған.
— Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресінен бақ сынадық. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Финалда қырғыз палуанымен белдестім. Белдесу кезінде 1,5 минут қалғанда жамбасқа түсіп қалып, сол сәтте есе жібердім. Соған қарамастан бұл додада жақсы тәжірибе жинап, күміс медаль жеңіп алдым, — деді Нұрдәулет Жарылғапов.
Балуан жарыс алдындағы дайындық кезеңінде Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, кейін «Қазақстан Барысы» турниріне қатысқан. Сондай-ақ Баку қаласында өткен әлем чемпионатында күшті қарсыластармен белдесіп, халықаралық тәжірибесін шыңдаған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемнің көптеген елінен келген спортшының басын қосып, ұлттық спорт түрлерінен үздіктерді анықтайтын халықаралық деңгейдегі беделді жарыстардың бірі саналады.



