Экс-министр Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Аринов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды aishyq.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Шыңғыс Әрінов 2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған. Бұған дейін ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жүйесінде қызмет етті.
Ол 2006-2022 жылдар аралығында Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2022 жылдың қаңтарында Президенттің өкімімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзеті қызметінің бастығы болып тағайындалды.
2022 жылғы 6 мамырда оған ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «генерал-майор» арнаулы атағы берілген.
Осыған дейін Алматы облысының әкімі қызметін Марат Сұлтанғазиев атқарған. Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен оның бұл қызметтен босатылғаны белгілі болды.
Айта кетейік, жаңа Үкімет құрамының жасақталуына байланысты Төтенше жағдайлар министрі қызметіне Мұрат Мұханов тағайындалған еді.



