
Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшысы Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды aishyq.kz
22–23 тамыз күндері Baku Sports Palace спорт кешенінде ұйымдастырылған дүбірлі додада Нұрдәулет Жарылғапов ел намысын абыроймен қорғап, жоғары шеберлігін көрсетті. Ол жарыс барысында бірқатар қарсыласын жеңіп, финалға дейін жетті.
Шешуші белдесуде қазақстандық балуан соңғы секундтарға дейін жеңіс үшін күресіп, нәтижесінде әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.
Биылғы әлем чемпионатына 30-ға жуық мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысты. Екі күнге созылған жарыста ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелерінде белдессе, әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі салмақтарында бақ сынады.
XII әлем чемпионатын United World Wrestling халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзірбайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.



