ЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары

Ақтауда тұрғындар жылусыз отыр: Мақсат Мұқаш қаладағы проблемаларды мойындады

Ақтауда 20 шағын аудан тұрғындары жылу мәселесіне байланысты шағымдарын білдірді. Қараша айының ортасы жақындаса да, үйлеріне жылу берілмегеніне наразы тұрғындар жиналып, қала әкімінен мәселені шешуді сұрады, деп жазады aishyq.kz.

Кешкі уақытта тұрғындармен кездесуге келген қала әкімі Мақсат Мұқаш жылудың әлі күнге дейін берілмеу себебі түсіндірді. Оның айтуынша, 20 шағын аудандағы тұрғын үйдің жылу желілерін құрылыс салушы мекеме тиісті мемлекеттік органға тапсырмаған.

   — Бұрын Ақтауда 28 шағын аудан болса, қазір олардың саны 42-ге жетті. Қала халқы 310 мың адамға дейін өсті. Мердігер мекемелер тұрғын үйлерді салып болған соң, жұмыстарын толық аяқтамай, нысандарды тиісті деңгейде тапсырмайды. Соның салдарынан қала бойынша электр энергиясы, су және жылумен қамту мәселелері туындап отыр. Мойындау керек, қалада ток, су, жылуға қатысты мәселе көп. Бұған қоса, қала әкімдігіне қарасты кейбір жауапты мекемелердің жұмысында да заңсыздықтар болды», – деді қала әкімі.

Мақсат Мұқаш жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша бұған дейін де жауапты мекемелермен бірнеше рет кездесу өткізілгенін айтып, мәселені шешуді қолға алғанын жеткізді.

 — Қалада құрылыс компаниялары үйлерін салып, кейін тиісті мекемелердің теңгеріміне өткізбей кеткендіктен, электр, жылу және су желілеріне қатысты проблема бар екенін мойындап отырмыз. Біз құрылыс компанияларына ескертеміз, бірақ кейбір объектілер бойынша мәселе 4-5 жылға дейін созылып, шешілмей отыр. Сондықтан мұндай проблемалы нысандардың ток, су, жылу бойынша желілерін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне аламыз, кейін бір жылдан кейін тиісті қызмет көрсетуші мекемелерге тапсырамыз, — деді әкім.

Алайда кездесу барысында тұрғындардың үйлеріне жылудың нақты қай күні берілетіні айтылмады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button