Маңғыстауда жаңадан пайдалануға берілген вокзалда бірінші топтағы мүгедектігі бар бала траволатлормен қозғалу кезінде құлап кеткен. Оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желідегі @pm_saduovna парақшасында видео жариялап, нысандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолдың қолайсыз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Әйелдің айтуынша, олар балалардың әжесін шығарып салу үшін жаңа вокзалға барған. Сол жерде әжесі мүгедектер арбасындағы немересін арнайы көтеріңкі жолмен алып өтпек болған. Алайда жолдың айналмалы бөлігінен өту кезінде екеуі де құлап, бала басымен жерге соғылған.
«Балам басымен жерге құлады. Мен оны өзім көтеріп алдым. Ал әжесіне сол жердегі адамдар көмектесті. Бірақ вокзалдың бірде-бір қызметкері келіп, жағдайымызды сұрамады, медициналық көмек ұсынбады», – дейді анасы.
Оқиғадан кейін әйел вокзал басшылығына барып, арнайы жолдың қолайсыздығына шағымданған. Оның сөзінше, жауапты қызметкерлер траволатордың 12 пайыздық еңіспен салынғанын және мүгедектерге арналған талаптарға сай екенін айтқан. Сондай-ақ арбаны көтеріп келе жатқанда бір жағынан ұстап тұру керегін ескерткен.
Алайда баланың анасы бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, бірінші топтағы мүгедектігі бар баланы әжесі арбамен алып жүреді, ал арбаның салмағы шамамен 150 келі. Сондықтан мұндай жағдайда қосымша сүйеніштің болуы немесе жолдың жобалық шешімі ғана емес, оның іс жүзінде қауіпсіз әрі қолайлы болуы маңызды.
Әйел 11 жылдан бері мүгедектігі бар баланы жалғыз тәрбиелеп келе жатқанын айтып, пандустар мен арнайы жолдардың қандай болуы керектігін тәжірибесінен жақсы білетінін жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі жол басқа да мүгедектігі бар адамдарға, қарттар мен балаларға қауіп төндіруі мүмкін.
Оның айтуынша, кейін жергілікті учаскелік полиция қызметкері хабарласып, арыз жазуды ұсынған. Әйелдің арыз түсіруден бас тартқанына қарамастан, кейін полиция қызметкерлері үйіне де келген.
«Менің мақсатым – біреуге арыз жазу немесе вокзалды жамандау емес. Вокзал өте әдемі салынған. Бірақ дәл осы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жол ыңғайсыз. Болашақта басқа балалар мен адамдар құлап, жарақат алмаса екен деймін», – дейді ол.
Әйел бұл жазбасы арқылы вокзалдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның қауіпсіздігін қайта қарауды көздейтінін жеткізді.



