Маңғыстауға көшіп келген боксшы Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр
Өзбекстаннан Маңғыстау облысына қоныс аударған боксшы Саят Ілиясов әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Соның салдарынан ол Тараз қаласында өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатына қатысу мүмкіндігінен айырылды, деп жазады aishyq.kz.
Қандасымыздың Қазақстанға оралғанына 10 айға жуық уақыт өтсе де, азаматтық алу мәселесі әлі шешімін таппаған. Бұл туралы спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Кеше сөйлескенімізде құзырлы органдардың бірінен біріне сілтеп, мәселені шешпей отырғанын айтты. Басқа облыстың атынан өтінім берсе де, азаматтық ала алмаған. Соның салдарынан Саят қазір Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатына қатыса алмады. Талантты боксшымыз алтын уақытын жоғалтып жатыр», – деді журналист.
Оның сөзінше, шетелден келген өзге спортшылардың Қазақстан азаматтығын алуына мұндай кедергілер кездеспеген.
«Есесіне, Қазақстанның көк паспортын Якутия, Осетия, Тыва, Дағыстаннан келген балуандарға оп-оңай бере саламыз. Олар еліміздің атынан қалаған жарыстарына қатысып, Олимпиада ойындарында бақ сынап, жүлделері мен сыйақыларын алып, кейін өз елдеріне қайтып кетті. Мұнымен қоймай, кеше Астанада өткен әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде келді. Леонид Спиридонов, Нұрислам Санаев пен Геннадий Лалиевтерге төрден орын бердік. Кезінде Қазақстан атынан екі Олимпиадаға қатысқан Леонид Спиридонов бүгінде Якутияның спорт министрі екен. Астанадағы жарысқа келіп: «Баяғыда Ақжүрекпен күрескенбіз», – деп, Таңатаровтың арқасынан қағып қояды. Ал Саят бауырымыз азаматтық ала алмай, шырылдап жүр. Келімсек балуандар шыттай киініп, VIP кабиналарда отыр. Бір кем дүние», – деп жазды Ақырыс Сейітқазы.
Айта кетейік, Саят Ілиясовтың тарихи Отанына оралып, Маңғыстау облысының атынан өнер көрсететіні туралы бұған дейін спорт менеджері Жанпейіс Назарғали да хабарлаған болатын.
Өзбекстан құрамасында өнер көрсеткен қандасымыз Саят Ілиясов биыл қаңтар айында Қазақстанға келген еді. Ол спорттық мансабында бірқатар жетістікке жеткен. Атап айтқанда, 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, 2025 жылы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия біріншілігінде чемпион болған.



