Жаңаөзенде 15 млн теңгенің алтынын ұрлаған күдікті ұсталды: бұйымдар әлі табылмаған

Жаңаөзенде зергерлік дүкеннен 15 миллион теңгенің алтын бұйымдарын ұрлады деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды. Алайда гауһар тастары бар сырғалар мен алтын сақиналар әзірге табылмаған, деп хабарлайды aishyq.kz.
Оқиға 10 қазанда сауда орталығының екінші қабатында орналасқан зергерлік бұйымдар дүкенінде болған. Полиция мәліметінше, күдікті дүкенге заңсыз кіріп, 24 жұп гауһар тасты сырға мен 24 алтын сақинаны алып кеткен. Ұрлық сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеге бағаланып отыр.
15 қазанда полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ол қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған бұйымдарды сатып жібергенін айтқан.
Қазір құқық қорғау органдары алтын әшекейлердің қайда екенін анықтап, оларды іздестіріп жатыр.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.



