Тур сатып алған Ақтау тұрғыны сапарға шыға алмай, несие төлеуге мәжбүр

Еліміздің бес қаласының тұрғындары туристік компаниядан жолдама сатып алғанымен, шетелге саяхаттай алмай қалды. Жәбірленушілердің айтуынша, турларға төлеген ақшалары қайтарылмаған, ал кейбірі әлі күнге дейін несие өтеп жүр, деп хабарлайды aishyq.kz.
Ақтөбеде «Еркош тур» туристік компаниясының басшысы Еркебұлан Аймұратов пен оның қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Оларға азаматтардың сеніміне кіріп, туристік сапар ұйымдастыруға уәде беру арқылы ақша иемденді деген айып тағылып отыр.
Тергеу мәліметінше, компания Франция, Швейцария, Дубай, Жапония, Оңтүстік Корея, Мальдив аралдары, Түркия және басқа да елдерге турлар ұсынған. Алайда Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары жолдамаларын сатып алғанымен, сапарға шыға алмағандарын айтады.
Іс бойынша әзірге 49 жәбірленуші бар. Олардың сөзінше, тергеу органдарына жүзден астам шағым түскен.
Жәбірленуші Ләйлім Қожанова екі адамға арналған Еуропа турын 2 миллион теңгеге бөліп төлеу арқылы рәсімдегенін айтты. Оның сөзінше, жолдама сатып алғаннан кейін компания жұмысын тоқтатып, клиенттермен байланыс үзілген.
«Қазір ай сайын 84 мың теңге төлеймін. Әлі екі жыл төлеуім керек», – деді ол.
Тағы бір жәбірленуші Светлана Литвиненко жолдасымен бірге Еуропаға баруды жоспарлағанын, алайда тур жүзеге аспай, компанияның өзіне 1 миллион теңге қарыз болып қалғанын жеткізді.
Ал компания басшысы Еркебұлан Аймұратов қарыздың бар екенін мойындағанымен, алаяқтық жасамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, клиенттерден түскен ақшаның бір бөлігі әуе билеттері мен қонақүй шығындарына жұмсалған. Сондай-ақ ол халықаралық жағдайларға байланысты туындаған қиындықтарды алға тартып отыр.
Айыпталушының сөзінше, бір жағдайда 17 миллион теңгені қайтару қажет болған, оның 11 миллионы өтелген. Қалған соманы қайтаруға тергеу изоляторына қамалуы кедергі болғанын айтты.
Сот процесі жалғасып жатыр. Істің мән-жайы мен айыпталушылардың кінәсіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығармақ.



