
Колумбияның Каука департаментіндегі Панамерикалық тасжолда болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 20 адамға жетті. Бұған дейін 14 адам көз жұмғаны хабарланған еді.
Бұл туралы X әлеуметтік желісінде өңір губернаторы Октавио Гусман мәлімдеді. Оның айтуынша, қаза тапқандардың 15-і әйел, 5-і ер адам, барлығы ересектер.
Оқиға салдарынан 36 адам түрлі деңгейде жарақат алған, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар зардап шеккен бес баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.
Өңір билігі қаза тапқандарды еске алу үшін үш күндік аза тұту жариялады. Қазіргі уақытта қауіпсіздік шараларын күшейту, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстарына гуманитарлық және психологиялық көмек көрсету мәселелері қарастырылуда.
Жарылыс салдарынан жол инфрақұрылымына да елеулі зиян келген. Панамерикалық тасжолда шамамен 200 текше метрлік шұңқыр пайда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қозғалыс алты сағат ішінде қалпына келтіріледі.
Caracol Radio мәліметінше, бұл шабуылдарға 2016 жылғы бейбіт келісімді мойындамаған Колумбияның революциялық қарулы күштері құрамынан бөлініп шыққан «Хайме Мартинес» тобының қатысы болуы мүмкін.

