Ақтауда оқушылар алтыншы қабаттағы терезеге шығып алған баланы құтқаруға көмектесті
Ақтаудағы №16 мектептің 9 сынып оқушылары тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы терезе алдында тұрған кішкентай баланы байқап, көмекке ұмтылды. Жасөспірімдердің жедел әрекетінің арқасында бала аман қалды.
Оқиға 27 шағынаудандағы тұрғын үйде болған. Мектептің мұғалімі, әлеуметтік желі қолданушысы @aitosha_m жазуынша, оқушылар терезе алдында тұрған баланы байқаған соң, уақыт жоғалтпай әрекет еткен. Олардың бір бөлігі пәтерге қарай жүгірсе, қалғандары төменде қалып, бала құлаған жағдайда көмек көрсетуге дайын болған.
Жасөспірімдер баланың анасына хабар беріп, оның дер кезінде көмекке келуіне ықпал еткен.
Оқиға кезінде оқушылардың басын қосып, әрекеттерін үйлестіруге дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ернар Елубаев та атсалысқан. Ал баланы алғаш байқағандардың бірі – Ботагөз Омириузакова.
— Мектеп әкімшілігі атынан батылдығы мен жанашырлығын көрсеткен оқушыларымызға алғыс білдіреміз. 9 сынып оқушылары – Назым Бекарыс, Жасмин Төлеген, Ильяс Ақмұрза, Аслан Насихатұлы, Жандос Жиенбай, Диас Орынжанов, Алихан Утесинов, Жанболат Мұхамбетқали және Каролина Новосельская адам өміріне бейжай қарамай, қиын сәтте бірлесе әрекет етті, — деп жазды @aitosha_m.



