Жаңалықтар

Каспий тартылып жатыр: Теңізде жаңа аралдар пайда болды

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Құлалы аралына жақын аумақта жаңа аралдар пайда болды. Мамандардың пікірінше, аэрофототүсірілім кезінде байқалған бұл жайт – теңіздегі су деңгейінің төмендеп жатқанын білдіретін алаңдатарлық мәселе, деп жазады aishyq.kz.

Зерттеу жұмыстарына қатысқан эколог әрі белсенді Данияр Әкімжановтың айтуынша, бұл аймақтағы жаңа аралдар емес. Каспийдің бұл бөлігінде соңғы 4-5 жыл ішінде бірнеше жаңа арал пайда болған. Олардың кейбірінің ұзындығы 1 шақырымға, ал ені 200–300 метрге жетеді.

Мұнда өсімдіктер де өсе бастаған, жабайы жануарлар да байқалады. Эколог Данияр Әкімжанов аралдардың бірінен қабанды өз көзімен көрген, ал қасқырлар мұз үстімен өтіп келеді.

Мамандардың пікірінше, жаңа аралдардың пайда болуына – судың қайтуына байланысты теңіз түбінің біртіндеп ашылып қалуы себеп. Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының деректері бұл үрдістің ауқымын былай көрсетеді: 1996–2025 жылдар аралығында Каспийдің қазақстандық секторындағы су деңгейі шамамен 2,45 метрге төмендеген. 2026 жылдың шілде айында Құлалы аралы маңындағы мониторинг станциясында минус 29,42 метр деңгейінде минимум тіркелді. Бұл – бақылау тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.

Каспийдің таяздауы теңіздің солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде қатты байқалады. Спутниктік зерттеу деректері бойынша 2016–2025 жылдары солтүстік-шығыс жағалаудың кейбір аудандарында қазақстандық жаға сызығы 20 километрден астам қашықтыққа кейін шегінген.

Ғалымдар жаңа аралдардың барлығы бірдей картада ұзақ уақыт қалмайтынын ескертеді. Алдағы уақытта теңіздің ортасында аралдардың болуы толқындарға, желге, теңіз түбінің бедеріне және су деңгейінің динамикасына байланысты. Кейбір учаскелер ұлғайып немесе құрлықпен қосылып кетуі мүмкін, ал басқалары қайтадан су астында қалуы ықтимал.

Басқа жаңалықтар

Back to top button