Маңғыстауда ботулизм диагнозымен ауруханаға түскен науқастар үйіне шығарылды

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына ботулизм диагнозымен түскен науқастар қажетті ем-домын алып, ауруханадан үйіне шығарылды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Облыстық көпбейінді аурухананың мәліметінше, медицина мамандары пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін тиісті емдік шараларды жүргізді, олардың денсаулығын жіті бақылауда ұстады.
Ем қабылдаған пациенттердің бірі аурухана дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдіріп, көрсетілген медициналық көмекке ризашылығын жеткізді.
«Дәрігерлерге көрсеткен көмегі, кәсібилігі мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп, денсаулығымыздың жақсаруына үлес қосқан барша медицина қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін», – деді пациент.
Облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері ботулизм адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін ауыр инфекциялық ауру екенін айтып, аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ үй жағдайында дайындалған консервілер мен сақтау талаптары сақталмаған тағамдарды тұтынуда сақтық таныту керек деді.



