Барлық жаңалықтарЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары
Тренд

Бейнеуде 126 қой қырылып қалды

Бейнеу ауылында бір қорада 126 қой қырылып қалды. Малдың неден өлгені әзірге белгісіз. Қазір ветеринариялық мамандар зертхана қорытындысын күтіп отыр, деп хабарлайды aishyq.kz.

Оқиға 28 қыркүйек күні таңертең болған. Сағат 10:00 шамасында ауыл тұрғындары ветеринариялық станцияға хабар берген. Оқиға орнына полиция және ветеринариялық мамандар барып, жағдайды анықтаған.

Мамандар өлген қойлардан сынама алып, зертханаға жіберді. Сондай-ақ мал су ішкен бірнеше жерден су үлгілері алынған. Алдын ала мәлімет бойынша қойлар жаңбырдан жиналған су көздерінен су ішкен.

     «Мал қырылғанға дейін де, кейін де қандай да бір аурудың белгісі байқалмаған. Сондықтан біздің күдігіміз улануға келіп тоқтап тұр. Қазір 84 қой ветеринариялық мамандардың бақылауында. Олардың жағдайы бірқалыпты, өріске шығып, жайылып, суын ішіп жүр. Улануға шөптен бе, судан ба, әлде басқа нәрседен бе – оны зертхананың қорытындысы көрсетеді», – деді Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Нұралы Сәдіғұлов.

84 қойдан жұқпалы ауруға тән белгілер анықталмаған. Бейнеу аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тұралы Жолышовтың айтуынша, зертхана қорытындысы шамамен он күнде дайын болуы мүмкін. Қырылған малдың өлекселері арнайы биошұңқырға жеткізіліп, ветеринариялық талаптарға сай залалсыздандырылған. Қоралар да дезинфекцияланған.

Малдың қырылуына нақты не себеп болғаны зертханалық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button