ЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтарыСаясат
Тренд

Ақтау мен Жаңаөзен қаласына жаңа әкім тағайындалды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Мұқаш, Жаңаөзен қаласының әкімі болып Сымбат Төретаев тағайындалды, деп хабарлайды aishyq.kz.

Мақсат Мұқаш Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 2015 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолында Жаңаөзен қаласындағы №7 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болды. Жаңаөзен қаласы Қызылсай елді мекеніндегі №3 балалар мен жасөспірімдер мектебі директорының орынбасары, осы мектептің директоры қызметін атқарды.

2019 жылдан 2023 жылдың маусымына дейін Жаңаөзен қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы болды.

2021-2023 жылдары VII шақырылымдағы Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты, «Ақ жол» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының жетекшісі қызметтерін атқарды.

2023 жылғы маусым-қазан айларында Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарып келді.

2023 жылғы 24 қазанда Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2025 жылғы желтоқсанынан бастап осы уақытқа дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Сымбат Төретаев 1978 жылғы 27 қаңтарда Маңғыстау облысы Ералиев ауданының Жетібай ауылында дүниеге келді.

Еңбек жолында Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл қызметін, аға жедел уәкіл, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл лауазымдарында жұмыс істеді.

«Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарды.

2010-2014 жылдары Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының әкімі болды.

2015-2017 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс, терроризмге қарсы іс-қимыл, жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2017-2019 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы болды.

2019-2023 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылғы мамырдан бастап осы уақытқа дейін Қарақия ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button