Маңғыстауда 44 келіден астам бекірені заңсыз тасымалдаған тұрғын ұсталды

Маңғыстау облысында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерін заңсыз тасымалдау дерегінің жолы кесілді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері және «Арлан» арнайы жасағының көмегімен демалыс орындарының маңындағы тасжолда 29 жастағы жүргізуші басқарған Toyota Camry көлігін тоқтатты. Көлікті тінту кезінде жүк салғышынан Қызыл кітапқа енген жалпы салмағы 44,5 келі болатын 10 бекіре балығы тәркіленді.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық тәркіленген балық тиісті сот сараптамасына жіберілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл істің барлық мән-жайын жан-жақты анықтап, заңсыз ауланған балықтардың қайдан әкелінгенін және жеткізу арналарын анықтау бағытында жедел-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.



