Ақтауда 16 жастағы мотоцикл жүргізушісі жол апатына түсіп, ауруханаға жеткізілді
Жол-көлік оқиғасы Ақтаудағы 9, 11 және 14-шағынаудандар арасындағы айналма жолда болды. Honda мотоциклі мен Hyundai Bayon кроссовері соқтығысқан, деп хабарлайды aishyq.kz.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео тарады.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 16 жастағы Honda жүргізушісі қосалқы жолақтан негізгі жолаққа ауысу кезінде Hyundai Bayon көлігіне жол бермеген. Салдарынан екі көлік соқтығысып, мотоцикл кроссовердің жүргізуші жақ есігіне соғылды.
Hyundai Bayon жүргізушісін медицина қызметкерлері тексеріп, үйіне жіберді. Ал кәмелетке толмаған мотоцикл жүргізушісі облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды.
Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, жасөспірім ауруханаға 12 қыркүйек күні сағат 19:46-да жедел жәрдем бригадасымен жеткізілді.
Оған жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және сол қолының екінші алақан сүйегінің жабық сынуы диагнозы қойылды.
Қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Ол қажетті емді алып, дәрігерлердің бақылауында.
Кәмелетке толмаған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, бұл бап көлік құралдарына зақым келтіріп, материалдық шығынға әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастырады.
Мотоцикл арнайы тұраққа қойылды.



