«Берекелі отбасы – берік қоғам»: Ақтауда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі талқыланды

Ақтауда «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты отбасылық форум өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, педагогтер, психологтер мен отбасы құндылықтарын зерттеушілер қатысып, бала тәрбиесі, отбасындағы қарым-қатынас және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды aishyq.kz.
Форум спикерлері қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Шаңырақ» тәрбиелік бағдарламасы мен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» әдістемелік кітабының авторы Рыскүл Игілікова, психолог, отбасы құндылықтарын зерттеуші Ақмарал Орынбаева, «Құтты білік» оқу орталығының жетекшісі Мәулен Думбаев және психолог, психоаналитик, психология ғылымдарының магистрі Милана Елеусінова болды.
Оразгүл Асанғазы өз сөзінде бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды бала санасына ерте жастан сіңірудің маңызын атап өтті.
«Балам нағыз қазақ болып өссін десең, қазақтың эпостары мен жырларын, мақал-мәтелдерін, тағылымды сөздерін үйрету керек. Ұлттық тәрбие отбасынан басталады», — деді Оразгүл Асанғазы.
Ал психолог, отбасы құндылықтарын зерттеуші Ақмарал Орынбаева отбасыдағы бала тәрбиесінің сапасы ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты екенін айтты.
«Балаға айтылған сөзден бұрын, оның үйдегі көргені әсер етеді. Ата-ананың бір-біріне деген құрметі мен жылы қарым-қатынасы – бала үшін ең маңызды тәрбие үлгісі», — деді Ақмарал Орынбаева.
Психолог, психоаналитик Милана Елеусінова да балаға эмоционалдық қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ата-ана баланың пікірін тыңдап, оның сезімін түсінуге тырысуы қажет.
«Бала өзін отбасында қауіпсіз әрі қажет сезінсе, оның тұлғалық дамуына берік негіз қаланады. Сондықтан ата-ана баланы тек бақылап қана қоймай, оны тыңдай білуі керек», — деді Милана Елеусінова.
Жиында отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық, балаға дұрыс бағыт-бағдар беру, ұлттық салт-дәстүрді заманауи тәрбие үлгісімен сабақтастыру және отбасындағы психологиялық ахуалды қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Форум барысында спикерлер берік отбасы — қоғам тұрақтылығының негізі екенін айтып, ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.










