«Бес асыл» республикалық байқауында маңғыстаулық ақындар жеңіске жетті

26 сәуір күні Жаңаөзен қаласында ұлттық өнерге арналған «Бес асыл» республикалық командалық байқауы өтті. Онда Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының өнерпаздары бақ сынады. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов қатысты.
Байқау Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы бастамасымен ұйымдастырылып, облыс әкімдігі мен AMANAT партиясының қолдауымен өтті.
Жобаның негізгі мақсаты — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көрсетілген ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі өнерді дамыту және өңіраралық мәдени байланысты нығайту.
Қатысушылар айтыстың түрлі жанрлары бойынша өнер көрсетті: сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс және қыз бен жігіт айтысы. Сонымен қатар күй, жыр, терме және дәстүрлі ән жанрлары да ұсынылды.
Командалар құрамында жетекші, төрт айтыс ақыны, сондай-ақ термеші, жыршы, дәстүрлі ән орындаушы, күйші және жүргізуші болды. Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін импровизация деңгейі, мазмұн тереңдігі, ұлттық дәстүрді сақтау және сахналық мәдениет бойынша бағалады.
Қазылар алқасының құрамында танымал мәдениет қайраткерлері болды: Жүрсін Ерман, Берік Жүсіпов, Қалқаман Сарин, Мұрат Әбуғазы, Серік Оспанов, Жанарбек Әшімжанов және Қопбосын Өміржан. Кешті ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай жүргізді.
Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының айтыс ақындары жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Барлық қатысушылар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен және арнайы марапаттармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба ұлттық өнерді жаңғыртуға, жас таланттарды қолдауға және өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.