Маңғыстаудағы әскерилер оқиғасында аман қалған сарбаздардың бірі жүрекжарды жазба жариялады

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаздың бірі Ақжол Темірхан әлеуметтік желідегі парақшасында бірге қызмет еткен қаруластарына арнап жазба жариялады, деп жазады aishyq.kz.
Қайғылы оқиғаға екі ай өтсе де, сол күнгі жағдай мен достарынан айырылу қайғысы әлі де көз алдында екенін жеткізген ол қаза тапқан жолдастарын сағынышпен еске алды.
Әсіресе, досы Азаматқа арнаған сөздері жүректі тебірентеді. Ақжол онымен бірге әлі талай күн өткізіп, талай әңгіме айтуды армандағанын жазған.
«Азамат, досым, бауырым, әлі талай бірге өткізетін күндеріміз, талай айтатын әңгімелеріміз бар еді ғой… Тағдырдың жазуына не шара. Сенің орныңды ешкім баса алмайды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ сарбаз уақыт өтсе де, достарын ешқашан ұмытпайтынын айтып, олардың рухына тағзым етті.
Еске салайық, Маңғыстауда болған қайғылы оқиға салдарынан 14 сарбаз қаза тауып, үшеуі аман қалған.



