ЖаңалықтарҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Қасқырмен жалаң қолмен арпалысқан: Қостанай облысында ер адам ажалдан аман қалды

Қостанай облысының Жанкелді ауданындағы Ақкөл ауылында тосын оқиға болды. Қонаққа бара жатқан 49 жастағы Марат Құттыбаевқа қасқыр шабуыл жасап, ер адам жыртқышпен жалаң қолмен арпалысуға мәжбүр болған, деп жазады aishyq.kz. 

Оқиға 22 қараша күні кешкі уақытта болған көрінеді. Sputnik Қазақстан агенттігінің мәліметінше, ер адам үйіне шамамен 100 метр қалғанда қасқырдың шабуылына ұшыраған.

Марат Құттыбаевтың айтуынша, жыртқыш оған арт жағынан тап беріп, киімінің жағасынан тістеген. Содан кейін екеуі біраз уақыт арпалысқан.

«Үйге 100 метрдей қалған. Айдалада болсам, аман қалуым екіталай еді. Артымнан келіп атылды, күләпарадан тістеген. Әбден арпалыстық. Шамамен 20 рет аунап тұрған шығармыз», — дейді ол.

Фото: Марат Құттыбаевтың жеке мұрағатынан

Осы кезде маңайдағы көршілер айқай-шуды естіп, көмекке шыққан. Telegram желісіндегі Halyqstan арнасының мәліметінше, көршілердің бірі аңшы мылтығымен қасқырды атып өлтірген.

Ал Sputnik Қазақстан жариялаған мәліметте Марат Құттыбаевтың жыртқышты қылқындырған күйі көршісінің үйіне дейін жеткізіп, балтамен басынан шапқаны айтылады.

Қасқыр шабуылынан жарақат алған азамат ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Осылайша, 49 жастағы азамат ажалмен арпалысқан қауіпті оқиғадан аман қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button