ЖаңалықтарҚоғам
Тренд

70 жастағы әже Қазтесттен құлап, елге көшіп келе алмай жүр

Қандастардың Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде Қазтест сынағынан өте алмауы бірқатар қиындыққа себеп болып отыр. Бұл туралы әлеуметтік желіде жазба жариялаған Бурахан Дақанов екі қандастың құжаттарын рәсімдеу кезінде кездескен жағдайларын баяндады, деп жазады aishyq.kz.

Оның айтуынша, Қызылжардағы кеңсесіне 70 жастағы қандас әже көмек сұрап келген. Ол Қазақстанға ұлдарының қасына көшіп келіп, осында өмір сүруді жоспарлаған. Алайда Қазтест сынағынан өте алмағандықтан, визалық құжаттары қабылданбаған.

Бурахан Дақанов қарт әйелге көмектесу үшін тиісті орындарға хабарласып, өтініш білдіргенімен, мәселе шешілмегенін айтады. Қазір оның Қазақстанда болу мерзімі аяқталған соң, шекарадан шығып, қайта кіруіне тура келмек.

«Енді балаларымның қасына келіп өмір сүремін деп отырғанда, Қазтест деген бәле шығып, визаға құжаттары қабылданбай қалды. Өзімше әр жерге хабарласып, үлкен адам, қарт адам еді, қабылдайықшы деп көріп едім, болмады», – деп жазды ол.

Сондай-ақ автор тағы бір әйелдің жағдайын мысалға келтірді. Оның айтуынша, әйел Қазтест сынағынан бірнеше рет өте алмай, Қазақстанда болу мерзімі аяқталған соң шетелге шығып, қайта келген. Алайда елде болуға берілген 90 күндік мерзімінің аяқталуына үш күн қалғанда визалық құжаттары қабылданбаған.

Әйелдің екі баласы Қазақстанда бір жылдық оқу визасымен тұрады. Ал анасы елден шығуға мәжбүр болса, автордың сөзінше, кемінде төрт ай бойы Қазақстанға қайта кіре алмауы мүмкін.

Бурахан Дақанов соңғы уақытта кеңсесіне құжат рәсімдеуге келетін қандастардың арасында осындай мәселелер жиілегенін атап өтті. Оның сөзінше, кейбірі елге оралғанына қуанса, енді бірі құжат мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болып, көмек сұрап келеді.

Автор мемлекеттік органдарды қандастардың мәселесіне назар аударуға шақырып, бұл мәселені шешуге Ерлан Қариннің ықпалы болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Мына үкіметте қандастың мұңын шешетін бір адам қалды ма өзі? Бір көмектессе, Ерлан Қарин мырза көмектеседі-ау», – деп жазды Бурахан Дақанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button