Жаңаөзендік суретші Джохар Юнусов Airbus A320 ұшқышы атанды
Жаңаөзенде мурал салып жүрген жас суретші әуе кемесін басқаратын ұшқыш атанды. Джохар Юнусовтың арманы орындалып, ол Airbus A320 ұшағының пилоты ретінде алғашқы рейсін орындады, деп хабарлайды aishyq.kz сайты.
Джохардың алғашқы рейсі 12 тамызда өтті. Осылайша оның бала кезден армандаған азаматтық авиациядағы жолы басталды.
Джохар Юнусов әлеуметтік желіде өзінің 2022 және 2026 жылдардағы өмірін салыстырған видеосын жариялады. Алғашқы кадрларда ол Жаңаөзенде бояуға малынған күйде мурал салып жүр. Сол кезде жас суретші болашақта азаматтық авиация ұшқышы болуды армандайтынын айтқан.
Арада 4 жыл өткен соң түсірілген кадрда Джохар арманының орындалғанын айтады. Ол ұшқыштың формасын киіп, әуе кемесінің бортында және әуежайда жүрген сәттерін бөліскен.



