Маңғыстау жаңалықтары

Маңғыстауда қызылша індеті өршіп тұр

Маңғыстауда қызылша жұқтырғандардың саны артты. Жыл басынан бері өңірде ауруға күдікпен 440 жағдай тіркелді, оның 299-ы зертханалық жолмен расталды. Бұл туралы өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады, деп жазады aishyq.kz.

Мамандардың айтуынша, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 36,4 жағдайды құрайды. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда науқастар саны едәуір өскен.

Инфекция әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Тіркелген жағдайлардың 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Оның ішінде бес жасқа толмаған 150-ге жуық бала қызылша жұқтырған.

Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі Ақтау қаласында тіркелген. Жалпы жағдайлардың 68,2 пайызы қалаға тиесілі. Мұнайлы ауданында — 9,7%, Қарақия ауданында — 7,6%, Жаңаөзен қаласында — 4%, Маңғыстау ауданында — 3,7%, Түпқараған ауданында — 3%, Бейнеу ауданында — 1,6% жағдай анықталған.

Мамандар қызылшаның жұқпалы вирустық инфекция екенін ескертеді. Аурудың алғашқы белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас болуы мүмкін. Алайда асқынған жағдайда өкпе қабынуы, бронхит және мидың зақымдануы сияқты ауыр салдарға әкелуі ықтимал.

Басқа жаңалықтар

Back to top button