
Ақтаулық әженің фотосуреті әлемге әйгілі Vogue Italia журналының PhotoVogue платформасында жарияланды. Ерекше кадрдың авторы – Адам есімді жергілікті фотограф, деп хабарлайды aishyq.kz.
Адам Наурыз мерекесі кезінде қала көшелеріне шығып, тұрғындарды суретке түсірген. Сол күні түсірілген фотосуреттердің бірі халықаралық платформа редакторларының назарын аударған.
Адамның негізгі мамандығы – электрик. Ал фотосурет түсірумен бес жылдан бері әуесқой ретінде айналысады. Оның айтуынша, қала өмірін, қарапайым адамдарды және Маңғыстаудың мәдениеті мен өзіндік болмысын кадрға түсіруді ұнатады.
Айта кетейік, бұл – фотографтың Vogue Italia платформасында жарияланған алғашқы жұмысы емес. Оның алғашқы фотосуреті 2022 жылы жарық көрген. Бүгінде PhotoVogue платформасында Адамның жеті туындысы бар. Фотографтың сөзінше, аталған платформаға кез келген адам өз жұмысын жолдай алады. Ал жариялау туралы шешімді редакторлар қабылдайды.
Сонымен қатар жуырда Адамның тағы бір туындысы ЮНЕСКО ұйымдастырған фотобайқау аясында Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде көрмеге қойылады.



