«Маңғыстау-Алматы» пойызындағы оқиға: Студент қызға қол жүгірткен ер адамға қандай шара қолданылады?
Маңғыстау-Алматы бағытында қатынайтын жолаушылар пойызына отырған студент қыз өзіне егде жастағы ер адамның өрескел әрекет жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада шағым иесі 65 жастағы ер адамның өзіне қол жүгіртіп, түрлі әдептен тыс әрекеттерге барғанын жазды. Оның сөзінше, зейнет жасындағы ер адам танысқаннан кейін бірден өзгере бастаған.
«Мына 65 жастағы Т.А. Маңғыстау-Алматы бағытындағы №077ХА пойызына Қызылордадан 29 тамыз күні сағат 13:40-та 10-вагонның 9-орнына отырды. Бастапқыда дұрыс амандасып, қай жаққа бара жатқанымды сұрады. Мен жауап бердім, ол өзі де Алматыға бара жатқанын жеткізді. Руымды сұрады, өзі Қоңырат екен. Бұдан басқа артық әңгіме болған жоқ. Кейін жүріс-тұрысы, қылықтары біртүрлі көріне бастады. Маған қайта-қайта қарап, көздерімен ішіп-жеп қарап жатты», — деп жазады желі қолданушысы.
Алайда ақсақал мұнымен тоқтамаған. Уақыт өте келе ол өзінің «ынтыққан» көңілін іс-қимылдарымен білдіре бастаған көрінеді.
«Мен мән бермеген адам сияқты телефон қарап жаттым. Кейін бұрылып қалсам, шынтағын үстелге тіреп, басын барынша маған жақындатып, көзін бақырайтып, ернін шүртитіп отыр. Бір кезде аяғын менің матрасыма қойды. Кейін аяғын менің аяғыма тигізе бастады. Мен тартып тұрып кеттім. Одан бөлек, бір жерін ұстап, қасып маған көрсетіп жатыр. Купе іші қараңғылау болған соң, ұялы телефонымен сол жеріне әдейі жарық түсіріп жатты. Түн болды. Бұл кісі әлі аузын шүртитіп, бір жерін қасып отыр», – деді оқиғаны бастан өткерген жолаушы.
Алайда ол ешкімді шақырмаған. Ұйықтап кеткен сәтінде көрші жолаушы оған ашық түрде қол жүгіртіп, ұйқысынан шошып оятқан.
«Елемей, телефон қарап жата бердім. Сағат түнгі 2:30-да ұйықтап кетіппін. Бірақ сағат 3:15-те атып тұрдым. Себебі менің тіземді қолымен ұстап, қысып жатыр екен. «Не істеп жатырсыз? Қолыңызды тартыңыз!» деп айқайлап жібердім. Содан бері ұйқы жоқ, жарықты жағып алып, бейнежазбаға түсіріп жаттым. Бұл кісі қояр емес, маған қолымен жүректің суретін көрсетіп, ернімен сүйген белгі көрсетіп жатты. Сол сәтте болған жайды жолсерікке айттым, бірақ арыз жазбадым. Құдайға тапсырдым, бір жерінен шығарар. Өмір алма-кезек. Әділ шешімін Құдай біледі», — деді ол.
Жолаушы студент нақты сол жерде неге арыз жазбағанын да түсіндірді.
«Жолсерікке айтқан соң, ол кісімен сөйлесті. Кейін кешірім сұрап, «осы жерде қалсын» деп 80 мың теңге ұсынды. Мен «маған ақша керек емес» дедім. Қоймастан кешірім сұрай берді. Мен кешірмейтінімді, кешірім сұраудан бұрын тәубеге келуді айттым. «Басыңызға келсін, қарындасыңыз, қызыңыз, немереңіз жоқ па?» дедім. Негізі, ойымда, аман-есен Алматыға жетіп, үйдегілермен ақылдасып, сосын арыз жазамын деп ойладым», — дейді жолаушы қыз.
Кейіпкер аталған жағдайға жол үстінде алғаш рет тап болғанын айтады.
«Мен бұндай жағдайға бірінші рет ұшырап тұрмын және соңғы рет деп те ойлағым келеді. Ешкімнің басына бермесін. Абайлап жүріңіздер. Арыз жазбауыма дәл сол сәтте артық проблема керек болмады. Егер полиция шақыртсам, пойыздан түсіп қалып, соның шаруасымен жүруге тура келді. Ал мен оқуға бара жатырмын. Негізі, жалғыз жүрсем, купеге мінбейтін едім. Бірақ тамыз айы студенттердің жол жүретін уақыты болғандықтан, билет алып үлгеру қиын. Сол себептен тапқан билетімді сатып алдым», – деп жазды ол.
Осыдан кейін оқиғаға қатысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Threads әлеуметтік желісінде жарияланған ақпаратқа байланысты түсініктеме берді.
«Пойыз бастығының баяндамасына сәйкес, 30.08.2026 жылы №077ХА пойызының №10 вагонында Алматы-1 станциясына жақындау кезінде жолаушы вагон жолсерігіне жүгініп, басқа жолаушының өзіне қатысты орынсыз әрекет жасағанына шағымданған. Оқиға туралы ақпарат алған пойыз бастығы дереу оқиға орнына барып, жағдайды анықтаған. Жағдайды ресми түрде тіркеп, құқық бұзушыны Алматы-1 станциясының Желілік полиция бөліміне тапсыру мақсатында полиция қызметкерлерін шақыру ұсынылған. Алайда шағымданушы жолаушы полиция қызметкерлерін шақырудан және оқиғаны ресми түрде рәсімдеуден бас тартқан. Осыған байланысты оның полицияға жүгінуден және ресми шағым беруден өз еркімен бас тартқаны туралы қолхат алынған», — деп жазылған хабарламада.
Ал жолаушылар пойызындағы оқыс жағдайға қатысты Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша Қызылорда станциясында тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
«Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы пойыз жолаушысына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасау дерегі бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — деді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша ер адамның іс-әрекетіне құқықтық баға берілмек.



