
Балқаш қаласында кәмелетке толмаған екі қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жазда бір топ жігіт 13 және 15 жастағы мектеп оқушыларына зорлық көрсетіп, қорлаған. Бұл туралы қыздардың ағасы мәлімдеді, деп жазады aishyq.kz.
Ағасының айтуынша, күдіктілер мектеп оқушыларын алкогольдік ішімдікке қоса, санасын тұмшалайтын препараттармен улаған болуы мүмкін. Сондай-ақ оларды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген деген болжам бар. Оның сөзінше, қыздарды көліктерге отырғызып, жалдамалы пәтерлерге апарып отырған.
Бұдан бөлек, жасөспірімдер болған жағдайды туыстарына айтып қойса, олардың интимдік фото және видеоларын жариялаймыз деп қорқытқан көрінеді.
Қыздардың отбасы кінәлілердің жазадан құтылып кетуінен қауіптенеді.
Ал полицияның хабарлауынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта алты күдікті ұсталған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.



