«Қазақстан азаматтары бар»: Непалда табиғи апаттан кейін жоғалған адамдар саны үш мыңнан асты
Непалда табиғи апаттан кейін қайтыс болғандар саны 1 мың адамға жуықтаған. Су тасқынынан кейін басталған құтқару жұмыстары алтыншы күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды aishyq.kz.
Қазіргі уақытта «Тришули-3А» гидроэлектр станциясының туннелінде құтқарушылар ішке кіретін аумақты тазалаған. Алайда тірі қалғандарды іздеу басталғанымен, әзірге ешкім табылған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, елдегі гидроэлектр станцияларында жұмыс істейтін 933 адам хабар-ошарсыз кетіп, олардың бір бөлігі туннельдерде жұмыс істегені айтылды.
Непалдың Ішкі істер министрі Судан Гурунгтың айтуынша, құтқарушылар туннельдің ішкі бөлігіне жетіп, кішкентай тесік арқылы ауа бере бастаған. Енді арнайы топ туннельді қазып, ішке кіруге әрекет жасамақ. Непал полициясы мен әскеріне Үндістан және Қытайдан келген, туннельдердегі құтқару жұмыстарына маманданған халықаралық топтар да көмекке жұмылды.
Су тасқыны салдарынан қаза тапқан, бірақ жеке басы анықталмаған адамдарды жерлеу жұмыстары басталды. Елдің Читван ауданында жағалауға ағып келген мәйіттер жерленіп, марқұмдардың ДНҚ үлгілері алынған. Бұл үлгілер кейін жоғалған адамдардың туыстарының ДНҚ-сымен салыстырылып, қаза тапқандардың кім екені анықталмақ көрінеді. Өткен аптаның жексенбісіне дейін табылған 272 мәйіттің шамамен 200-і жерленген.
Табиғи апат білім беру жүйесіне де ауыр зардап келтірді. Непалдың ең көп зардап шеккен үш ауданында кемінде 19 мектеп бүлінген, оның тоғызы толық қираған. 200-ден астам оқушы хабарсыз кеткен, ал шамамен 20 оқушыны су ағызып әкеткен болуы мүмкін. Расува мен Нувакоттағы бірнеше мектепте оқитын жалпы 2 425 оқушының оқу орындары су астында немесе лай-батпақ астында қалған.
Бұған дейін еліміздің сыртқы істер министрлігі Непалда із-түзсіз кеткендер арасында Қазақстанның екі азаматы бар екенін мәлімдеген еді. Қазіргі уақытта олардың қатарында тағы бір отандасымыздың болуы мүмкін екені айтылып отыр. Алда жоғалған қазақстандықтардың саны тағы да артуы мүмкін.



