Қырғызстанда целлофан пакеттерге тыйым салынады
Қырғызстанда екі айдан кейін бүкіл ел аумағында целлофан пакеттерді пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл облысы Тоң ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп жазады aishyq.kz.
“Вечерний Бишкек” басылымының жазуынша, кездесу барысында Бөкөнбаев ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Еділ есімді азамат экологиялық бастама аясында қолға алған кәсібі туралы айтып берді. Оның сөзінше, 2023 жылы президенттің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жарлығынан кейін олар Қытайда қағаздан жасалған крафт пакеттер өндіретін кәсіпорын ашқан.
Кәсіпкердің айтуынша, өнімдер негізінен Ыстықкөл облысына таратылып, дүкендерде экологиялық таза қаптамаларды пайдаланудың маңызы түсіндірілген. Алғашқы екі жылда бірқатар сауда орындары целлофан пакеттерден бас тартқанымен, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі мен бақылаудың әлсіреуіне байланысты кәсіпкерлер қайтадан пластик пакеттерді қолдана бастаған.
Осы мәселені тыңдаған Садыр Жапаров республика бойынша целлофан пакеттерге тыйым салынатынын алға тартты.
«Екі айдан кейін бүкіл Қырғызстан бойынша тыйым енгізіледі. Шу, Ыстықкөл облыстарында, қажет болса, Ош, Жалал-Абад және басқа да өңірлерде өндірісті жолға қойыңыздар», – деді Садыр Жапаров.
Сондай-ақ ол кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтып, оны жеке қабылдап, тиісті тапсырмалар беруге уәде беріп отыр.
Қырғызстанда 2027 жылдан бастап полимерлі үлдірден жасалған пакеттер мен пластик бұйымдарды өндіруге және сатуға тыйым салу жоспарланған. Сонымен қатар заңнамада айналымына рұқсат етілмеген полимерлі пакеттерді сауда және қызмет көрсету орындарында тегін таратуға да шектеу қойылады.



