Суықта жылынғаны үшін жұмыстан шығарылған Маңғыстау тұрғыны сотта жеңіске жетті

Ақтауда 10 жыл бойы күзетші болып еңбек еткен ер адам жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, сотқа жүгінді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, арызданушының бұл қадамға баруына қыстың қақаған аязында жылыну үшін ғимарат ішіне кіргені себеп болған. Сот оның әрекетін мәжбүрлі қажеттілік деп танып, жұмыс берушіні қызметкерді бұрынғы орнына қайта алуға және 2 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді.
Аталған оқиға 2026 жылдың 28 қаңтарында болған. Сол күні күннің қатты суытуына байланысты ашық аспан астында қызмет атқарып жүрген күзетші тоңған соң жылыну үшін ғимарат ішіне кірген. Алайда ол жұмысын тоқтатпаған, бейнебақылау камералары арқылы өзіне бекітілген аумақты бақылап отырған.
Дегенмен жұмыс беруші бұл жағдайды еңбек тәртібін бұзу деп бағалаған. Компания күзетшіні жұмыс орнын тастап кетті, қызметтік міндеттерін орындау кезінде телефон пайдаланды және бірнеше рет еңбек тәртібін бұзды деп айыптаған.
Осыдан кейін ақпан айында ер адам жұмыстан шығарылған. Бірақ күзетші жұмыс берушінің шешімімен келіспей, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген. Сот отырысында бейнебақылау камераларының жазбалары мен іс материалдары жан-жақты зерттелді. Нәтижесінде күзетшінің күзетілетін нысанды қараусыз қалдырғанын растайтын нақты дәлелдер анықталмаған.
Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкерге қақаған аязда жылынуға қажетті жағдай жасамағаны да белгілі болды. Сот күзетшінің ғимарат ішіне кіруін мәжбүрлі қажеттілік жағдайындағы әрекет деп бағалады. Ал қызметкерден ауа райының қандай жағдайына қарамастан үнемі далада тұруды талап ету әділеттілік қағидаттарына қайшы деп танылды.
Сот шешімімен ер адам бұрынғы жұмысына қайта орналастырылып. Бұдан бөлек, жұмыс берушіге
мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңі үшін 2 052 997 теңге, моральдық зиян үшін 50 000 теңге төлеу міндеттелді. Қазіргі уақытат аталған сот шешімі заңды күшіне еніп отыр.



