ЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары

Маңғыстауда қырылған бекіре балықтарының нақты себебі анықталмады

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан табылған бекіре балықтарының жаппай қырылу дерегі ресми түрде расталды. Алайда мамандар балықтардың неден өлгенін анықтай алмаған, деп жазады aishyq.kz.

Бұған олардың теңізде бірнеше күн жатып, кейін жағалауға шығып қалған соң ыдырап, күнге кеуіп кетуі себеп болған. Бұл туралы облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 20 қазанда Қарақия ауданы аумағындағы Каспий теңізінің жағалауынан бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табылған. Оқиға орнына қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, жергілікті атқарушы орган өкілдері жүздеген балықтың өлексесін жинаған.

Сондай-ақ Экология департаментінің мамандары оқиға орнынан топырақ пен су сынамаларын алып, зерттеу жүргізген. Алайда тексеру нәтижесінде белгіленген нормативтерден асатын қауіпті заттар анықталмаған.

«20 қазанда Қарақия ауданы аумағында Каспий теңізінің жағалауынан бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылды. Сол кезде жергілікті атқарушы орган тарапынан 173 бекіре балығының өлексесі жиналды. Экология департаментінің мамандары топырақ пен су сынамаларын алды. Зерттеу нәтижесінде тиісті нормадан асатын көрсеткіштер тіркелген жоқ. Балықтар теңізде өліп, бірнеше күн бойы суда жатқан. Кейін жағалауға шығып, ыдырап, күннің әсерінен кеуіп кеткен. Сондықтан олардың нақты неден өлгенін ғылыми тұрғыда анықтау мүмкін болмады», — деді Арман Молдашев.

Бұған дейін «Qazaq Balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжанов та осы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын. Оның мәліметінше, қазан айының соңғы онкүндігінде Каспий жағалауынан екі жүзге жуық бекіре балығының өлексесі табылған.

Осылайша, мамандар балықтардың жаппай қырылғанын растағанымен, өлімге нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button