Маңғыстау жаңалықтары
Тренд

Маңғыстауда теңіз жағалауынан екі жүзге жуық бекіре табылды

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауына қырылған бекіре балықтары шығып қалғаны белгілі болды. Олардың 173 данасы Қарақия ауданы аумағындағы жағалаудан табылған, деп жазады aishyq.kz.

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауына қырылған бекіре балықтары шығып қалғаны белгілі болды. Олардың 173 данасы Қарақия ауданы аумағындағы жағалаудан табылған, деп жазады aishyq.kz.

Бұл туралы «Qazaq Balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжанов aishyq.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, оқиға 20 қазан күні Құрық ауылы маңындағы Пестаные мен Саржа аралығында тіркелген. Жағалауды тексеру барысында мамандар жүздеген өлі бекірені анықтаған.

    «Жағалауға шығып қалған балықтарды санағанда 173 данасын тіркедік. Олардың барлығы өлген. Алайда денелерінде ауға түскенін немесе басқа да жарақат алғанын көрсететін іздер жоқ. Оның үстіне бекіре балықтарының мұндай көп мөлшерде бір мезетте ауға түсуі де мүмкін емес. Өлген балықтардың жағалауда жатқанына көп уақыт өтпеген. Біз бұл жағдайға 20 қазан күні куә болдық», — деді Данияр Әкімжанов.

Филиал директорының сөзінше, оқиға орнына арнайы барған балық шаруашылығы мамандары бірден құқық қорғау органдарына хабар берген. Кейін бұл дерек полицияда тіркеліп, оқиға орнында Экология департаментінің, ғылыми-зерттеу институттарының, балық шаруашылығы саласының және балық ресурстарын қорғау инспекциясының өкілдері болған.

Данияр Әкімжановтың айтуынша, мамандар балықтардың қырылуына адам әрекетінен бөлек, өзге де факторлар себеп болуы мүмкін деген болжамға келген. Алайда нақты себебі әзірге белгісіз.

    «Біздің болжамымызша, балықтардың қырылуына адам әрекетінен тыс басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Экология мамандары сынама алуға қатысты жұмыстар жүргізді. Бірақ балықтардың денесі кеуіп кеткендіктен, зерттеуге жарамды сынама алу мүмкін болмады», – деді ол.

Аталған жағдайға қатысты aishyq.kz тілшісі өңірдегі балық инспекциясының басшылығына хабарласқанымен, әзірге тиісті жауап алмады. Алда балықтардың қырылуына қатысты жауапты тараптың мәліметін ұсынатын боламыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button