«Әділет» партиясының кандидаттары Жаңаөзенде мұнайшылармен кездесті

Бүгін «Әділет» партиясынан Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар үгіт-насихат жұмыстары аясында Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында кандидаттар №2 мұнай-газ өндіру басқармасының еңбек ұжымымен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды.
Кездесуде өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту, инженерлік желілердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Әсіресе өндірістік қалалардағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа білім беру нысандарына қажеттілік және медициналық қызмет сапасын жақсарту тақырыптарына назар аударылды.
Кандидат Қайырғали Қалмұқанов өз сөзінде мұнай-газ саласының өңір экономикасындағы маңызына тоқталып, өндірістің тұрақты дамуы халықтың әлеуметтік жағдайымен және қаланың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Жаңаөзен – еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде маңызды орын алатын қалалардың бірі. Мұнда өндіріс саласының дамуы ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті әлеуметтік жағдайлардың жасалуы да өзекті. Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударылды. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды. Атап айтқанда, инженерлік желілердің тозуын азайту, мектептердегі орын тапшылығын шешу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс қажет. Өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың отбасыларына қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру да назардан тыс қалмауы тиіс, – деді кандидат Қайырғали Қалмұқанов.
Сонымен қатар жиында экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды сапалы кәсіби біліммен қамту мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында мұнайшылар кандидаттарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Тараптар өндірістік қалалардағы өзекті мәселелерді шешуде тұрғындармен ашық диалог жүргізудің маңызын атап өтті.
Дайындаған: Aishyq.kz ақпараттық сайты.
Мекенжайы: Ақтау қ., 32А шағынаудан, 8 үй;
Тапсырыс беруші: Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы атынан өкілдік ететін Нұрбек Қарасайұлы қарасаев арқылы партияның сайлау қоры қаражаты есебінен дайындалды.













