Маңғыстаулық депутат Аят Сүгірбай ру атауларымен ұйым тіркеуге шүйлікті

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, маңғыстаулық Аят Сүгірбай Қазақстанда заңды тұлғаларды қазақ руларының атымен тіркеу үрдісіне назар аударды, деп жазады aishyq.kz.
Ол Әділет министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында ру-тайпа атауларын коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың атауына пайдалануға заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта шаруа қожалықтарын, серіктестіктерді, фирмалар мен түрлі кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеген. «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасындағы деректерге сүйенсек, елімізде қазақ руларының атауын иеленген 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген.
Аят Сүгірбай бұл үрдіс қоғамдағы рушылдық көзқарастың күшеюіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, ру ата-баба тарихын танудың, жеті атаны білудің және шежірені құрметтеудің бір жолы болғанымен, ол елдік мүддеден жоғары тұрмауы керек.
«Қазақ руы – тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаты бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады», – деді депутат.
Осыған байланысты ол Әділет министрлігінен заңды тұлғалардың атауына қатысты талаптарды қайта қарауды сұрады. Атап айтқанда, қазақтың ру-тайпаларының атауларын ұйым атауында қолдануға заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыруды ұсынды.



