ЖаңалықтарҚоғам
Тренд

Ақтауда шабуылға ұшыраған дәрігер оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Ақтаудағы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында шабуылға ұшыраған хирург Қанат Исмаилов оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді. Дәрігердің айтуынша, әлеуметтік желіде тараған айыптаулар шындыққа жанаспайды. Ол баланың алғашқы қабылдауында тиісті тексерулер тағайындап, науқасты келесі кезекші ауысымға тапсырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды aishyq.kz. 

Қанат Исмаилов балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде хирург болып жұмыс істейді. Хирургиялық бағыттағы еңбек өтілі 20 жылдан асады.

Дәрігердің айтуынша, бала ауруханаға 19 қазан күні сағат 16:51-де, оның кезекшілігі аяқталар тұста жүгінген. Ол науқасты шамамен 15 минут қана қарап, қажетті тексерулерді тағайындаған. Кейін баланы келесі кезекші дәрігерлерге тапсырғанын айтты.

     «Мені аппендицит диагнозын қоймады деп айыптап, жалған ақпарат таратып жатыр. Алайда мен бұл баланы бар болғаны 15 минут көрдім. Тиісті тексерулерді тағайындап, келесі кезекші ауысымға тапсырдым. Одан кейін бұл баламен айналысқан жоқпын», – дейді Қанат Исмаилов.

Оның сөзінше, науқас ауруханаға екінші рет жүгінген кезде де қысқа мерзімде қажетті тексерулер жүргізілген. Үш тәулік ішінде баланың жағдайы толық зерттеліп, талдаулар мен рентгендік тексерулер жасалған.

Дәрігер науқастың туысына тексеру нәтижелері мен операциядан кейінгі жағдайды түсіндірмек болған сәтте жанжал туындағанын айтады. Оның сөзінше, өзі ешкіммен сөзге келмеген және жанжал шығармаған.

     «Балаға ота жасалғаннан кейін басқа да, хирургиялық бағытқа қатысы жоқ аурулар болуы мүмкін екенін түсіндіргім келді. Сол кезде ол маған тап берді. Мен онымен жанжалдасқан да, ұрысқан да жоқпын», – деді дәрігер.

Қанат Исмаилов медицина қызметкерлерінің әрбір науқасқа қатысты шешімді тексеру нәтижелеріне және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық хаттамаларға сәйкес қабылдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, іштің жедел ауруы белгілерімен келген әр баланы бірден операцияға жіберу мүмкін емес. Алдымен науқастың жағдайын жан-жақты тексеру қажет.

Дәрігер болған жағдайдың өзіне ауыр тигенін де жасырмады. 20 жылдан астам уақытын медицинаға арнаған маман мұндай жағдайдан кейін жұмыс істеуге деген ынтасы төмендегенін жеткізді.

     «Күні-түні осында жүріп, адамдарға көмектесуге тырысамыз. Еңбегің мен біліміңді бір сәтте жоққа шығарғандай болғаны өте ауыр. Осындай жағдайдан кейін жұмыс істеу де қиын», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған еді. Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта болған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button