ЖаңалықтарҚоғам
Тренд

Маңғыстауда жедел жәрдем фельдшерінің жұмыстан босатылуына қатысты дау туындады

Әлеуметтік желіде Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының бұрынғы қызметкері, жалғызбасты ана Қазына есімді фельдшердің жұмыстан заңсыз босатылды деген шағымы қызу талқыға түсті. Оқиғаға байланысты еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп, мекемеге тиісті нұсқама бергенімен, тараптар мәселені шеше алмаған, деп хабарлайды aishyq.kz.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, 9 жылдық тәжірибесі бар фельдшердің биыл 19 шілде күні кезекшілік кезінде денсаулығы күрт нашарлаған. Салдарынан шақыртуға өзі бара алмай, науқасты қараусыз қалдырмау үшін көмекті ұйымдастыру мақсатында қасындағы әріптесін жіберген. Келесі күні, яғни 20 шілдеде денсаулығы нашарлаған қызметкер ауруханаға жатқызылған, оған заңды түрде еңбекке жарамсыздық парағы (больничный) ашылған. Алайда мекеме басшылығы сол күні бұйрық шығарып, қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген.

Қызметкер өз құқығын қорғау үшін Маңғыстау облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінген. Ведомство жүргізген тексеріс нәтижесінде жұмыстан босату әрекетін заңсыз деп танып, мекеме басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою және қызметкерді бұрынғы жұмыс орнына қайта алу туралы ресми нұсқама жолдаған.

Әлеуметтік желідегі жарияланым авторларының айтуынша, бұл нұсқама әзірге орындалмаған, ал жұмыстан босатылған әрі кәмелетке толмаған екі баласы бар жалғызбасты ана әділдікті талап етіп отыр.

Редакция Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясы мен тиісті ведомстволардан ресми түсініктеме күтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button