ЖаңалықтарҚазақстан жаңалықтары

Түркістан облысында қамауға алынған күдікті депутаттық мандатын сақтап қалды

Түркістан облысы Байдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанына қарамастан, депутаттық мандатын сақтап отыр, деп хабарлайды aishyq.kz.

Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады. Комиссияның түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің басталуы депутаттың өкілеттігін тоқтатуға негіз болмайды. Адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Қазір Аманбаевтың депутаттық өкілеттігін тоқтату мәселесі қаралып жатқан жоқ. Алайда ол қамауда отырғандықтан, мәслихаттың сессиялары мен басқа да отырыстарына қатыса алмайды. Яғни заң жүзінде депутат болып қала бергенімен, іс жүзінде өз міндетін атқарып отырған жоқ.

Бұған дейін әйел адамға қатысты болуы мүмкін сексуалдық зорлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Түркістан облысының полициясы күдіктінің анықталып, қамауға алынғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БАҚ-та тараған мәліметтерге сәйкес, 34 жастағы әйел Байжансай ауылына инвестициялық жобаларға қызығушылық танытқан шетелдік азаматтармен бірге барған. Оларды Ерғали Аманбаев қарсы алып, кейін әйелді оқшау жерге апарғаны және зорлық көрсеткені туралы ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтердің барлығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ерғали Аманбаевтың аты 2025 жылы жол ережесін өрескел бұзғаны үшін де аталған. Сот оның Lexus көлігін жалған мемлекеттік нөмірмен басқарғанын анықтап, төрт тәулікке қамау және бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындаған.

Осы оқиғадан кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясы депутаттық әдеп мәселесін қарауды ұсынған. Алайда мәслихат депутаттары жол қозғалысы ережесін бұзуды депутаттық әдепті бұзу деп танымаған. Аманбаевқа тек әдеп нормаларын сақтау туралы ескерту жасалған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button