ЖаңалықтарҚазақстан жаңалықтары

Шымкент тұрғыны 23 жыл бұрынғы қылмысы үшін сотталды

Шымкентте ер адамға 2003 жылы жасалған қылмыс бойынша 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қылмыс жасағаннан кейін халықаралық іздеуге жарияланып, тек 2024 жылы Ресей аумағында ұсталып, былтыр Қазақстанға жеткізілген, деп хабарлайды aishyq.kz.

Сот мәліметінше, ер адам 2003 жылдың тамыз айында есірткі заттарын сатумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыс орнатқан. Сол жылдың қазан айында оған аса ірі мөлшердегі героинді тасымалдап, өткізу тапсырылған.

2003 жылғы 20 қарашада Е. сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбе бағытына жолға шыққан. 22 қарашада Шымкент-Самара автожолының Арал қаласына жақын бөлігінде көлік тоқтатылып, тексеру жүргізілген.

Тінту барысында көліктің жанармай багынан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет табылған. Сараптама нәтижесінде оның героин екені анықталған. Жалпы салмағы 34 келіні құраған. Осыдан кейін ер адам халықаралық іздеуге жарияланған. Оны құқық қорғау органдары тек 2024 жылы Ресей аумағында ұсталған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамаған және өзін ақтауды сұраған. Ал прокурор оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот айыпталушыны 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекс бойынша ұйымдасқан топ құрамында болу және есірткі заттарын заңсыз айналымға шығару қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button