«Әділет» партиясының кандидаттары мұнай-газ саласының өкілдерімен кездесті

«Әділет» партиясынан Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар мұнай-газ саласындағы жетекші қазақстандық ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ұжымымен кездесті.
Кандидаттар мұнай және газ кен орындарын іздеу, барлау, игеру және жайластыру процестерін кешенді ғылыми-инжинирингтік сүйемелдеумен айналысатын ұжымға партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, ғылыми-өндірістік әлеуетті арттыру, жас инженерлер мен сала мамандарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау және өңірдегі өнеркәсіптік жобалардың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кандидат Қарлығаш Әлмұхамбетова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым міндеттерге, әсіресе ғылымды өндіріспен ұштастыру және мұнай-газ секторғы озық инженерлік шешімдерді енгізу бағыттарына ерекше назар аударды.
«Ақтаудағы стратегиялық маңызы бар «КазНИПИ» сияқты ғылыми-зерттеу институтының тұрақты жұмыс істеуі — елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен әлеуетінің кепілі. Кен орындарын игеруді ғылыми тұрғыдан сүйемелдеп отырған мұндай ұжымдардың еңбек жағдайын жақсарту, ғалымдар мен сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту – біздің басты назарымызда болуы тиіс», – деді Қарлығаш Әлмұхамбетова.
Жиында мұнай-газ кен орындарын игеру кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау, еңбекті қорғау шаралары және инженер-ғалымдар мен сала мамандарының әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ қауіпті және күрделі өндірістік объектілерде еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыру, жас ғылыми кадрларды қолдау және өңірдегі жоғары білікті мамандарға жаңа жұмыс орындарын ашу тақырыптары көтерілді.
Іс-шара соңында қатысушылар әр деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлерге ғылыми-өндірістік салаға, оның ішінде мұнай мен газ кен орындарын зерттеу және жобалау бағыттарына қатысты өз ұсыныстарын жеткізіп, сұрақтарына жауап алды.
Дайындаған: Aishyq.kz ақпараттық сайты.
Мекенжайы: Ақтау қ., 32А шағынаудан, 8 үй;
Тапсырыс беруші: Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы атынан өкілдік ететін Нұрбек Қарасайұлы қарасаев арқылы партияның сайлау қоры қаражаты есебінен дайындалды.













